Осы мақсатта 13 маусым күні Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесі мен «Қазконтент» АҚ National Digital History порталының бірлесіп ұйымдастырумен «Жетіасар мәдениеті – тарих ізі» атты тарихи-мәдени экспедициясы жасақталды. 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды көздеген болатын. Онда туған жерге және оның ұлттық құндылықтарына іңкәрлікпен назар аударып, әркімнің өз жерінің тарихы туралы білуі тиіс дегенді меңзеген. Сондай-ақ бұл бағдарлама қазақ тарихы шежіресінен орын алатын, талай тарихтың ізі болған жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру бастамасын да қолға алуды ұсынады.

Шараға Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкерлері мен тарихшылары, Қорқыт Ата мемориалдық кешенінің қызметкерлері және National Digital History  порталының журналистері қатысты.   

Сыр өңірі – құпиясын ішіне бүккен көне шаһарлар мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Осы баға жетпес қазынаны қалың көпшілікке кеңінен насихаттау, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру  мақсатымен ұйымдасқан бірлескен арнайы экспедиция оңтүстік географиялық белдеуде орналасқан және Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштердің бірі – Жетіасар мәдениетінің көне қалаларының орындарында болды. 

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі қызметкерлерінің дерегі бойынша, өңірде қазіргі таңда 532 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Оның 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар болса, 237 нысан алдын-ала есепке алынған. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы және одан туындайтын Мәдениет және спорт министрлігінің Қағидалары шеңберінде ескерткіштерге қорғау шараларымен қатар, археологиялық зерттеу, қайта қалпына келтіру және тағы басқа кешенді жұмыстар өз кезегінде жүргізіліп келеді. Тарихи мұраларға мән берген мамандардың айтуына қарағанда, соңғы бірнеше жылдан бері Араласар, Жетіасар, Сығанақ, Жанкент, Сауысқандық, Шірік Рабат қалашықтарына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әлі де жүргізілу үстінде екен.  

Дәурен Кәрісбеков, Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің инспекторы: National Digital History порталы порталымен Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі бірлесіп, Жетіасар мәдениеті орналасқан асарларға тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырдық. Шараның мақсаты – Сыр бойындағы кез келген асар қалашықтарымен және олардың құрылыс жүйелерін таныстырып, тарихтан алар орны туралы тағылымды ақпараттар беру. Біздің мекеменің мамандары осы мақсатта экспедиция құрамында жүр. Бұл экспедицияның бір жағының артықшылығы асарлар мәдениетін, олардың тарихи туралы ғылыми зерттеулер мен тарихи деректерді үш тілге аударып, National Digital History порталында орналастыратын болдық. Сол арқылы шетел туристері мен ғалымдар ақпаратты өзге тілде оқи алатыны қуантты.

 

Сондай-ақ National Digital History порталы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясы жұмыс күндерін Қызылорда облысында 11 маусым күні бастаған. Өткен екі тәулік ішінде аталған экспедиция Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 1000 шақырымнан астам жол жүріп, көне «Жібек Жолы» бойындағы бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштер мен көне Жетіасар мәдениетінің көне қалаларында болды.