Құрметті Астаналықтар! Қазақстандықтар!
«Казконтент» акционерлік қоғамы Сіздерді еліміздің бас қаласы Астана күнімен шын жүректен құттықтайды!
Сіздерді асқақтаған Астанамызбен бірге қуанып, оның өркендеуіне үлес қоса беруіңізді тілейміз. Төр қаламыз бен Қазақстанның гүлденуі жолында қажымай, талмай еңбек етіп, ойлаған мақсаттарыңызға қол жеткізе беріңіздер. Отанымыздың мәртебесі асып, игілігі таса берсін!
Аспанымыз ашық, деніміз сау, елімізде молшылық болсын!
Туған Күніңмен, сүйікті қаламыз!

Астана күніне – жұлдызды шашу!
Қазақстандықтар күнтізбедегі басты мерекелердің бірі – Астананың он екінші рет аталып өтілгелі отырған туған күніне қызу дайындық үстінде. Дәстүр бойынша, астаналықтардың осы қуанышын бөлісуге еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес мемлекеттер мен алыс шетелден көптеген қонақтар келуде. Қала көшелеріндегі көпшілік серуен, концерттер мен отшашулар халықтың көңілін сергітіп, төр қаламызды шаттық пен ән-думанның мекеніне айналдырмақ.
Астананың мәртебелі меймандары кім?
27 маусым күні «Астана» экшн-фильмдер кинофестиваліне елорданы төл мерекесімен құттықтау үшін голливудтың киножұлдыздары Майк Тайсон мен Дольф Лундгрен ұшып келді. Аты аңызға айналған мұхиттың арғы жағындағы осы тұлғаларды елімізге шақырған белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов. Әрине, голливуд жұлдыздарын Астанаға алып келу оңайға түспегеннін біздің жерлесіміз мойындайды. Тәуелсіздігін алып, дамудың даңғыл жолына бет бұрған Қазақстанды тек естігені болмаса, осыншама ірі тұлғалардың біле қоюы да қиын еді. Аса даңқты голливуд жұлдыздары үшін салынған бұл алғашқы жол, одан әрі де ол сәтті жалғасын таппақ, – дейді біздің жерлесіміз.
- Сондықтан біз игі бастама үшін батыл қимылдап, істі аяғына дейін жеткізуге тырыстық, тұңғыш қадам жасалды, – деді Т. Бекмамбетов журналистерге берген сұхбатында. Кинофестивальге келген Дольф Лунгрен мен Майк Тайсоннан басқа, шақырылған қонақтардың қатарында Голливудтың ең танымал продюсерлерінің бірі Харви Вайнштейн мен «Матрица» фильмі трюктерін қоюшы Ву Пинг, актер Шарлто Коплей болатын. Олар елорданың түрлі алаңдарында өздерінің бай тәжірибелері мен асқан шебер өнерлерін көрсетеді.
Бас шаһардың бас меймандарының қатарында Владимир Машков, Андрей Чернышов, Екатерина Редникова, Андрей Панин, Дмитрий Певцов сияқты ресей кино жұлдыздары да бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың 27 маусымынан 1 шілдесіне дейін Қазақстанның кіндігі – Астанада I Халықаралық «ASTANA» экшн-фильмдер фестивалі мәреге жетті. Рәсімнің ашылу салтанаты «Қазақстан» орталық киноконцерт залында өтті. Фестивальдің ұйымдастырушысы – «Bazelevs» ресей кинокомпаниясы болса, негізін салушы және жетекшісі – режиссер әрі продюсер Тимур Бекмамбетов, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі болып табылады. Кинобайқау еңселі елордамыздың туған күніне тарту ретінде ұсынылып отыр. Тұңғыш фестиваль қонақтар мен көпшілік қауымға кең көріністі, конкурссыз 20 толықметражды АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің картиналарын көрсетуді көздейді. Бірнеше тақырыптық «дөңгелек үстелдер» өткізіліп, әр мемлекеттің танымал киноматографистерінің мастер-класс туындыларын ұсыну жоспарланған.
«Біз Қазақстан осыншама мәртебелі де сыйлы қонақтарды қабылдай отырып, асқақтаған Астанасы мен қарыштай өркендеген қазақ елін бүкіл әлемге одан әрі кеңінен танытып, тәжірибе жинайды, шексіз әсерге бөленіп, мерейі көтереріледі деген сенімдеміз», деді И. Ванидовская.
«Хан Шатыр» есігін айқара ашады
Астанадағы жұртшылықтың көптен күткен «Хан Шатыр» сауда-көңіл көтеру орталығының пайдалануға берілетін мезгілі де келіп жетті. Шілденің 5-інде Астана күні мерекесі қарсаңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен аталған сауда-ойын-сауық орталығы салтанатты жағдайда ашылады деп күтілуде.
Көкке шаншылған жоғарғы діңгегі 150 метрге жететін, көшпенділер қосы үлгісіндегі бұл алып ғимарат, шын мәнінде Орталық Азиядағы ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең үлкен ойын-сауық орталықтардың бірі саналады. Бұл Президент Сарайынан басталатын жаңа Астана орталығының бас сәулетін шектейтін шеткі ғимарат.
Аталған бірегей жобаның авторы ағылшын сәулетшісі Норманн Фостер. Сыртқы қабаты шыныдай мөлдіреген жарық өткізгіш материалмен қапталған алып шатыр, астанадағы көңіл көтеретін және іскерліктің қайнаған ортасына айналмақ.
Мұнда гольф ойнайтын шағын алаң бар, қолдан жасалған көл айнадай жалтырап жатса, ботаникалық бақ жайқалып тұр, жер белдеуінің түрлі климаттық айырмашылығын да осы жерден аңғаруға болады, су сарқырамасы, жабық жағажай, толқынды бассейн, суы сылдрап ағар өзен, сұлулық салондары, концерт залдары, кафелер мен кеңселер, бес жұлдызды қонақ үйлер, сауда орталықтары бәрі-бәрі осы орталық ішіне орналастырылған.
«Хан Шатыр» СОО орталығын ашу кезінде мұнда орналасқан сауда жайлардың 82%-ы халыққа қызмет көрсете бастайды. Ал, жұмысын сәл кешірек, шілденің 1-не дейін ашатындар үшін шілде-тамыз айларындағы төлемдерден босатылған. «Хан Шатырдың» нөльдік деңгейінде 700 орынға есептелген автотұрақ бар, бұдан өзге орталықтың сыртында және ішінде 1400 орындық автотұрақ қосымша пайдалануға берілмек.
Салтанатты ашылу барысында әлемдік деңгейдегі орындаушылар, олардың ішінде итальиялық танымал орындаушы Андреа Ботчеллидің концерті болады. «Хан Шатыр» Орталығы ашылған соң, Мемлекет басшысының Астана Күніне арналған ресми қабылдаулары болады.
Астана сахналарында «Алтын хиттар» орындалады.
Д. Хворостовский, И. Крутой және А. Серовтар өнер көрсетеді.


