Журналдың бұл санын «Қазақстан тарихының антологиясы: Тастан қолаға дейін» деп атап,  адамзат тарихының алғашқы кезеңі тас дәуірі,  қола дәуірі кезеңдер тарихын таныстыруды мақсат еттік. Қазақстанның ежелгі мәдениетінен хабар беретін журналдың кіріспесі тас дәуірінің үш кезеңі: палеолит-бастапқы,  мезолит – орталық,  неолит – соңғы кезең тарихы тарауларымен ашылып отыр.

Журналдың кезекті тараулары қола дәуіріне арналды. Тарихтан білетініміздей қола дәуіріндегі, Еуроазияның ұлы даласын мекендеген тегі мен тағдыры ортақ туыс тайпалар бір үлгідегі, бір стильдегі, бірыңғай мәдениет қалыптастырды. Оның мұралары Ачинск маңындағы Андроново селосының қасынан табылғандықтан, ол мұралар «Андрон мәдениеті» деген атпен жұртқа белгілі болды. Ендеге журналда «Анрон мәдениеті» туралы мақалалармен де таныс боласыздар.   

Сондай-ақ журналда белгілі этнограф-тарихшы Жамбыл Артықбаевтың «Қазақ шежіресі: Сақ өркениеті»  атты зерттеу мақаласы да қызғылықты оқылады. Бұл тақырыпты әрі қарай толықтыра түскен журналист Инна Кузьменконың «Скифтер өркениеті итальян археологының көзімен» сұхбаты  толықтыра түскен. 

Оқырмандар журналдан жас тарихшы, генетик, PhD доктор Жақсылық Сәбитовтың  «Палеогенетикалық зерттеулер тұрғысынан Еуразия аймағындағы «Homo Sapiens» адамдары (қазіргі адамдар)», «Ү-хромосома полиморфизмі мәнмәтініндегі Homo Sapiensтің генетикалық тарихы», «Митохондриалды ДНҚ полиморфизмі мәнмәтініндегі Homo Sapiensтің генетикалық тарихы» атты эксклюзивті зерттеулерін де оқи алады. 

Электронды басылымның жалпы көлемі – 50 бет. 

Журналдың әу бастағы негізгі мақсаты – Қазақстан тарихын танымдық тұрғыдан, бүгінгі сарынға сай, жеңіл тілде жеткізу болатын.  Сондықтан да мазмұндылығымен қоса сапалы тартымдылығына да аса мән бердік. Зерттеу тақырыптарын ашуда заманауи тәсілдегі инфографика, сапалы суреттер және әсерлі дизайндармен бердік. 

Еске сала кетер болсақ, National Digital History (www.e-history.kz) интернет порталы жаңа желілік NDH DIGEST танымдық журналын қалың оқырманға Астана күні мерекесі қарсаңында  таныстырды. «Бозоқтан Астанаға дейін» деген атаумен жарық көрді.